Сараптама қорытындысына сәйкес, азаматтың орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тараз қаласындағы Қ.Тұрысова көшесінде патрульдік қызмет атқару барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз жүрген мопед жүргізушісін байқаған.
Полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабына жүргізуші бағынбай, оқиға орнынан қашуға әрекеттенген. Алайда қысқа уақытқа тәртіп сақшылары оны ұстады. Жүргізушімен сөйлесу барысында полиция қызметкерлері оның масаң күйде екенін байқап, медициналық куәландыруға жіберді.
Тексеру барысында оның көлік басқару құқығы жоқ екені, яғни жүргізуші куәлігін мүлде алмағаны белгілі болды.
Құқық бұзушыға қатысты көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін заң аясында шара қолданылды.
Сот шешімімен оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.