Таразда мердігер тұрғындарды сусыз қалдырды

453

Алқапқа орталықтандырылған су желісін кіргізуге былтыр қазынадан 400 млн тг қаралған.

Таразда мердігер тұрғындарды сусыз қалдырды Фото: ашық дереккөзден

Таразда мердігер ағып тұрған су құбырын жарып, тұтас алқапты бір айдан бері сусыз қалдырды. Ол аздай суармалы арықтарды шағал таспен толтырып кеткен. Артық қыламын деп, тыртық қылған мердігер бұл тендер арқылы қазынадан 400 млн теңге тапсырыс алса керек. Енді тұрғындар тіршілік нәрінсіз тарығып отыр. 

"Казарма" алқабында 650 түтін бар. Тұрғындар күні бүгінге дейін тіршілік нәрін ескі су мұнарасынан тұтынып келген. Ауыз су желісі өткен ғасырдың 60-шы жылдарына бері қолданыста. Алайда бір ай бұрын көше қазған мердігер су құбырын жарып, жұртты қаңсытып кетті.  

"Қазір я суымыз жоқ, я жолымыз түзу емес. Өзіміздің суымыз әп-әдемі келіп тұрған. Осылар келді да астаң-кестеңін шығарды. Скорыйдың өзі шағымданып кетті. Енді келмейтінін айтты ", - дейді қала тұрғына Гүлжазира Жабағиева.

Су мұнарасы ескі болғанмен, суы сарқылмапты. Сыр берген де емес дейді. Көкөніс егіп күн көрген көпшілік бау-бақша суарудан қаламыз деп қапалы. Ол аздай жолай жатқан арықтар құрылыс қалдықтарымен бітеліп қалған. Ал мердігердің жұмысы бір айдан бері тоқтап тұр. 

"Бізде мына арықтар көміліп жатыр. Арық болмаса, енді бәріміз де сол огородпен бала-шағамызды бағып жатырмыз ғой. Су болмаса мынау көгермейді", - деп түсіндірді қала тұрғыны Вали Алиев.

Алқапқа орталықтандырылған су желісін кіргізуге былтыр қазынадан 400 млн тг қаралған. Тендер ұтқан мердігер жоба құжатында ескі құбыр сызбасы болмады дейді. Ешкім ескертпеген соң, елемепті.  

"Ешқандай еш жерде проектіде көрсетілмеген. Еш жерде ол баланста жоқ. Бесхозный. Сондықтан да ешкім көрсеткен жоқ біріншіден. Осындай труба бар деп ешкім айтқан жоқ. Білмегендіктен оны үздік иә", дейді “Арай НС” ЖШС басшысы Аманжол Құлбергенов.

Қазір компания құбыр жалғап, арық тазалауды қолға алған. Ал тапсырыс беруші тарап мердігер мерзімнен 2 айға кешіккенін растады. Қыс уағында құрылысты тоқтатуға мәжбүр болыпты.  

"Қазіргі таңда арық жүйелерінің барлығын толығымен іс-шара жоспарларын құрып, мердігер компанияларға 15-сәуірге дейін арық жүйесін толығымен тазалау туралы тапсырмалар берілген", - деді Тараз қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Елдос Кеңесбеков.  

Жоспарға сай алқапта 31 шақырым су желісі жүргізілуі тиіс. Әкімдік бұл жұмыс 90 пайызға аяқталып тұр дейді. Алайда алқапта құрылыс техникаларының ізі еш байқалмайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу