Таразда Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы және Қырғызстанның халық ақыны Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойына арналған "Ғұмыр-дария" атты ән мен жыр кеші өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеш басталмас бұрын фойеде келушілерге арналып "Алатау" фольклорлық ансамблінің орындауында Мұхтар Шаханов әндерінен радио-фон концерт ұсынылды. Қонақтар алдымен ақын шығармашылығына арналған Ш.Уалиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының көрмесін тамашалады.
Шара барысында алдымен үлкен экраннан Мұхтар Шаханов туралы замандастар пікірлері беріліп, қаламгердің "Танакөз" поэмасы желісімен сахналанған композициясы көпшілікке әдемі әсер сыйлады.
Автор көпшілік оқырманмен сұхбаттасып, ой-орамдарымен, парасатты пікірлерімен бөлісті. Ақынның өзі ұлттық рухқа, сезім, көңіл-күй лирикаларына негізделген жырларын оқып, жырсүйер қауымның қошеметіне бөленді. Автордың тыңдармандарға кеңінен танымал әндері шырқалды.
Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов өзінің құттықтау сөзінде жуырда ғана "Қазақстанның Еңбек Ері" атанған қайраткер ақынның шығармашылығын, ел дамуына, қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі мен еңбегін айрықша атап өтті.
Өз кезегінде ақын да қошеметке бөлеген жамбылдықтарға ыстық ықыласын білдіріп, ақ батасын берді.