Таразда аялдамада қыз баланы ұрламақ болған ағайынды екі жігітке бұлтартпау шарасы таңдалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараз қаласы мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Раушан Исмаилованың айтуынша, ағайынды екі жігітке 2 ай мерзімге дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады. Оларға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі (Қылмысқа оқталу) және 125-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (Кәмелетке толмаған адамды ұрлау) бойынша айып тағылып отыр.
Бұған дейін Таразда 13 жастағы қызды екі ер адам көшенің қақ ортасында ұрламақ болғанын жазғанбыз. Абырой болғанда, оқушыға аялдамада тұрған басқа адам көмекке жеткен. Кейін бұл іске қатысты екі жігіттің ағайындылар екені белгілі болды.
Оқушы қызға араша түскен қала тұрғыны марапатталды. Куәгер араласқаннан кейін белгісіз адамдар оқиға орнынан кетіп қалған.