Таразда сауда орны басшылығы 200-дей кәсіпкерді алдап кеткен

445

Полиция департаменті кәсіпкерлер тарапынан әзірге 14 арыздың түскенін мәлімдеді.

Таразда сауда орны басшылығы 200-дей кәсіпкерді алдап кеткен Фото: domkz.su

Тараздағы ең ірі сауда орындарының бірі 200-ден астам кәсіпкерді сан соқтырып кетті. "Алданып, ақшамыздан қағылдық" дегендер супермаркет алдына жиналып шу шығарды, деп хабарлайды Inbusiness.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Айтуларынша, сауда нүктесі кәсіпкерлерден екі ай бұрын сатып алған түрлі азық-түлік тауарларының ақысын әлі күнге дейін төлмеген. Олардың бүгінгі берешегі 300 млн теңгеге жетіпті. Соның салдарынан саудагерлер шығынға батып банкрот болуға шақ тұр. Ал бұған сауда орталығының қожайыны мен ондағы супермаркетті жалға алған әйелі екеуінің ажырасып, бар қарызды бір-біріне сілтеп жатқаны себеп көрінеді. Ажар Бекболатова "Нұрислам" сауда орталығына жеті жылдан бері шұжық жеткізеді. Талай уақыт сенімді серіктесіне айналған супермаркет енді кісі ақысын жеп отыр деп налиды. Екі ай бұрын тауарын өткізген кәсіпкер әлі күнге теңгесін ала алмай сабылып жүр. Дегенмен орталық берешекке белшесінен батқанына қарамастан жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі құжат жүзіндегі қожайыны қарызын қайтаруды талап еткендерге бір тиын да төлемейтінін айтыпты. Келтірілген бар шығынды жұбы жараспай қалған жұбайына сілтеп отыр екен.

 "Қазір ол кісілер ЖК жауып, басқасына аударып біздің қарызымызды бермей жатыр. "Менің қатысым жоқ, ақшаның бәрі әйелімде, ал әйелімнің қай жақта екенін білмеймін" дейді. Ең азы осы бізде шығар. Қалғандарында 27, 30 деп кете береді. Бізді отбасына араластырмай, ақшамызды қайтарып берсе болды", - деді кәсіпкер Ажар Бекболатова.

Осылайша ерлі-зайыптылардың отбасылық кикілжіңінен 50-ден астам кәсіпкер шығынға ұшырап отыр. Алды 2, соңы 50 млн теңгеге жетеді. Тіпті арасында банкрот болудың азақ-ақ алдында тұрғандары бар. Алайда сол уақытта супермаркеттің құжат жүзіндегі қожайыны Қазақбаева болғанымен, түрін де көрмегенбіз дейді тауар тасушылар. Келіссөздің бәрі оның күйеуі арқылы жүріп отырғанын айтады.

 "Сотқа беріңдер, Қазақбаева Гүлжаханды таба алмай жатырмыз. Қашып кетті, ақшаның бәрін шешіп. Ол әйелі болады. Бір отбасының кесірінен қанша кәсіпкерлер айлықты төлей алмай жүр, салық, несиемізді, бәрін төлей алмай жатырмыз", - деді кәсіпкер Әлия Көбекбаева.

Сауда үйінің қожайыны ақысын сұраған саудагерлерге қарасын да көрсетпеді. Жауабын атқарушы директор арқылы жолдады. Қызметкері оның басшысы мен жан-жары болған әйел екеуінің жолы екіге бөлінгенін жасырмайды. Бұған дейін кәсіпкерлермен келіссөз жүрген тұста супермаркет сол жұбайының атында болыпты. Қарызды қайтаруға да сол Қазақбаева жауапты деп ақталды.

"Қазір орталықтағы қызметкерлер, тауар тасымалдаушылар мен өзімді қосқанда 260 адам ақысын ала алмай жүр. Бұрыңғы дүкен иесі жұмысшыларына жалпы соммасы 19 млн теңге жалақы төлеуі тиіс. Ал сауда орталығының қожайыны Серік Қожабайұлы жалға беріп келген супермаркетті жақында ғана өз атына рәсімдеді. Әйелімен заңды түрде ажырасып жатқанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе оң шешілетін болса, шығынды кім өтеуге міндетті екені сіздерге де түсінікті деп ойлаймын", - деді "Нұрислам" сауда орталығының атқарушы директоры Рамазан Ысқақов.

Полиция департаменті кәсіпкерлер тарапынан әзірге 14 арыздың түскенін мәлімдеді.

 "Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 189бабының 4-бөлігі бойынша, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Қазір қаладағы "Нұрислам" супермаркетінің үш бірдей нүктесі жұмыс істеп тұр. Ал оның экс қожайыны Қазақбаеваның қайда екені белгісіз. "Көрдім", "білдім" деген жан жоқ дейді жиналғандар. Суда үйінің иесі де бұрынғы әйелімен бүгінге дейін хат-хабар алмаса алмаған көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу