Заңсыз медициналық жабдық пайдаланған стоматология айыппұл арқалады

73

Жеке кәсіпкер стоматология кабинетінде мемлекеттік тізілімінде тіркелмеген медициналық бұйымдарды сақтап, пайдаланған.  

Заңсыз медициналық жабдық пайдаланған стоматология айыппұл арқалады Фото: doctorkan.ru

Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ӘҚБтК 426-бабының 3-бөлігі (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша жеке кәсіпкер "Н."-ға қатысты әкімшілік істі қарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сотта кәсіпкер өз кінәсін толық мойындады.

Тіркелмеген стоматологиялық құралдарды қолдану фактісі сотта хаттамамен, жазбаша түсіндірме, тексеру нәтижелері туралы актімен және істің басқа материалдарымен дәлелденді.

ӘҚБтК-нің 426-бабының 3-бөлігінің санкциясы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қызметін тоқтата тұра және бұйымдарды тәркілей отырып, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.

"Зейнеткерлік жасын, құқық бұзушылықты бірінші рет жасауын, кінәсін мойындауын және өкінуін ескере отырып, сот айыппұл мөлшерін 30%-ға қысқартты", – делінген Жамбыл облыстық соты таратқан хабарламада.

Сот қаулысымен ЖК "Н." кінәлі деп танылды және оған 550 мың теңге көлемінде айыппұл, 1 ай мерзімге қызметін тоқтата тұру және тіркелмеген медициналық бұйымдарды тәркілеу түрінде жаза қолданылды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу