Таразда жылумен қамту жүйелерін жаңғырту жұмыстары баяу жүруде

1429

Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге қаражат бөлінген.

Таразда жылумен қамту жүйелерін жаңғырту жұмыстары баяу жүруде

Мемлекеттік "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында биыл Жамбыл облысында 45 жобаны жүзеге асыруға 16,6 млрд теңге қарастырылған. Оның қатарында "Жылумен қамту жүйелерін жаңғырту" бағыты бойынша республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаражатқа Тараз қаласында екі жоба жүзеге асырылуда. Олар – "Сыпатай батыр, Көшеней, Абай, Қойгелді, Ниетқалиев көшелері, Жамбыл даңғылы бойынша ЖЭО-4-тен бастап М-2 жылу магистралін реконструкциялау" және "Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелері бойынша ЖЭО-4-тен бастап М-4 жылу магистралін қайта жаңғырту" жобалары. 

"Жалпы, бұл жобалар 2018 жылдан биылға өтпелі. Нәтижесінде 9,3 шақырым жылу желісі жаңғыратын болады", – дейді мамандар. 

Сондай-ақ, "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде өңірде 52 жоба жүзеге асуда. Оған қаралған қаржының көлемі – 14,8 млрд теңге.

Енді бұрынғы базар аумағындағы М-4 нысанын жөндеу жұмыстарына келсек,  шаруа жүйелі атқарылуда. Дегенмен, жұмыс барысы мерзімінен бес күн кешігіп келеді. "Techno construction" ЖШС техникалық бақылаушысы Мелдихан Нұрышевтың айтуынша, бұған себеп – Төле би көшесі бойындағы екі су өткелінен өту қиындық туғызған. "Сонымен қатар Төле би даңғылындағы №7 үй тұрғындарының шағымы да сотта қаралып, жұмыстың уақытылы жүруіне қолбайлау болды. Қазір демонтаж жұмыстары аяқталып, 10 қыркүйекке су беруге дайынбыз", – дейді мамандар. 

Ниетқалиев көшесі бойындағы Қойгелді мен Сәтпаев көшесі қиылысындағы нысанда жұмысты ширатуға тежеулер бар. Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Абай Нұржановтың сөзіне қарағанда, осы айдың соңында арнайы бақылау комиссиясының отырысы өтіп, аталған жұмыстардың неге баяу жүріп жатқаны сараланады. "Біздің тарапымыздан нысандардағы жұмыстар аяқталған соң асфальттау, оның сапалы жүргізілуін зерделеу шаралары болады. Өйткені, оған бөлінген қаржының ішінде абаттандыру жұмыстары да бар", – дейді ол.

Әсел Мұратбекқызы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу