Тараздан Мойынқұмға әуе тасымалы іске қосылады

1312

Әуе тасымалы іске қосылғанда екі арадағы автокөлікпен жүретін 4-5 сағаттық жол екі есе қысқарып, 1-1,5 сағатта жетуге мүмкіндік туады деп күтілуде.  

Тараздан Мойынқұмға әуе тасымалы іске қосылады

Жамбыл облысында Тараз-Мойынқұм бағытында әуе рейсі ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ауданға арнайы барған жұмыс сапары барысында тұрғындардың тілегіне көңіл бөліп, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берген болатын.
Мойынқұм – облыс орталығынан ең шалғай аудандардың бірі. Екі ортадағы жол қиындығы қатынап жүрген жолаушылардың көптен көңілінде жүргендігі даусыз. Бұл мәселе енді оңынан шешілмек.

"Жамбыл облысы әкімі А.Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес, облысымыздағы шағын авиацияны дамыту қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда, облысымыздың орталығынан Мойынқұм және Төле би ауылдарына әуе маршруттарын ашу мүмкіндіктерін зерделеу, соның ішінде қажеттілікті анықтау, әуеайлақ салуға кететін шығын көлемін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде", – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Айта кетейік, Мойынқұм ауылынан облыс орталығына бір кездері яғни, 1966-1990 жылдар аралығында күнделікті 2 рет АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен әуе тасымалы қызмет көрсеткен. Алайда, Республикамыз тәуелсіздігін алған жылдары еліміздегі қаржылық қиындықтарға байланысты аталған әуе маршруты жұмысын тоқтатқан. Алдағы уақытта ол қайта жаңданып, көптің тілегі орындалмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу