Тараздық билік бұралқы иттерге пана болмақ

539

Итке де үй керек! Тараздық билік бұралқы иттерге баспана салып бермек. Бұған бюджет бүйірінен бақандай 12 млн теңге қаралыпты.

Тараздық билік бұралқы иттерге пана болмақ Фото: aikyn.kz

Мақұлықтарға бөлінген  миллиондар жайлы мәлімдемеден соң мұқым ел желіде жарыса жазып, пікірлер екі тарапқа бөлінді. Төбеттер тағдыры бұған дейін де Таразда талай рет тартыспен түйінделіп еді. 

Салпаңқұлақтарға пана салу бюджетке салмақ емес дейді Жанна Мамашева. Жеті қазынаның біріне жәрдемдесіп, иесіз иттерге пана болған жан. Атқан итін экс әкім Сапарбаев алдына апарып, дауға басқаны дүйім елдің күні бүгінге дейін есінде. 

Блогердің бүгін "Искра" атты иті бар.Ұшқынын қаңғыбас күйінде кезіктірген. Бұл оның 20-шы үй жануары екен. Белсендінің бейнеті бөлек. Қараусыз, қаңғырған иттерді аулап, бағып, еріктілерге тегін береді. Бүгінде қай жерде болмасын, қаңғыбас ит қаптады. Сондықтан әкімдіктің пана салуы жөн іс дейді.   

"Қараусыз жүрген иттерге приют міндетті түрде керек. Мысалы адамдар үй салып жатыр, жер үйге көшіп жатыр. Сол күшікті сатып, барып алғанша дұрысы барып дайын жерден алған дұрыс", дейді Қала тұрғыны Жанна Мамашева.

Тұрғындар аймақта мақұлықтарды асырау мәдениеті қалыптаспай тұрғанын айтады. Не серуен құрар саябақ жоқ. Не жіпке іліп, жетектейтін алаң да соғылмайды деп налиды. 

"Оларға арнап паналайтын орын мен сосын серуендететін саябақтарды салу керек. Қаладағы иттер пәтерде төрт қабырғаға қамалмай, сыртта да жүріп-тұруы қажет. Құдай оларды біз жақсылық жасасын деп жаратты ғой", дейді Қала тұрғыны Галина Выборнова. 

Итке үй салу көптен бері айтылып жүр. Көп әкім олқылықты оңалтуға оқталмады. Бірақ бұралқы иттен келер қауіп те жоқ емес. Былтыр облыста 3 мың адам итке таланған. Тізімнің тең жартысы 14-ке толмаған. Белсенділер үй салмас бұрын, қалада қаңғырған бұралқыларды ауламай ма деп аң-таң. 

"Бізде қаншама үйсіз-күйсіз далада жүрген қазақ бар. Сол қазақтардың барлық проблемасын ысырып тастап, енді бізге итке үй соғу қалып еді. Итті асыра, үйіңде асыра. Ал көшедегі топырлап жүрген иттерді ату керек", дейді Қала тұрғыны Жасұлан Әбдіхалық.

Ал әкімдік иттер паналайтын орынды қай жерде, қашан салынары белгісіз деп отыр. Алайда қаржы бөлінгені анық. Қоғамдық талқы да түйінделмеді дейді.  

"12 млн жыл соңында арендалық тәртіпке, иттерді уақытша ұстау орнына бөлініп отыр. Аулаларда, саябақтарда салу қажет қой. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қоғамдық талқылаудан кейін шешім қабылдайтын болады", дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил. 

Демек, жуық арада төбеттерге пана соғылады. Саябақ мәселесін салып-салмауын әкімдік әзірге нақтыламады. Айта кетейік, жыл басынан бері Тараздың бір өзінде 900 бұралқы ит ауланған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу