Тараздық еріктілер соғыс ардагерлерін құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Тараздық еріктілер автокран арқылы 98 жастағы Мұсахан Бердібаев пен 94 жастағы Мүтәліп Ережепбаевтың балкондарына дейін көтеріліп, оларға гүл шоқтарын сыйлады. Жастар соғыс ардагерлеріне бүгінгі бейбіт күн үшін алғыстарын білдірсе, қарт майдангерлер өз кезегінде тағылымды батасын берді.
Айта кетейік, өңірде ардагерлерге құрмет пен ризашылық білдіру мұнымен толастамайды.
"Жеңіс күніне орай облыстағы 57 ардагерге миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Соғыс жылдарында тылда 6 айдан астам жұмыс істеген 4247 адам 50 мың теңгеден алды. Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың 350 жесірі мен мүгедектерінің әйелдері де осындай көлемде әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Ал, Ленинград блокадасында болғандар мен концлагерьлердің бұрынғы тұтқындарына 60 мың теңгеден төленді", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, аймақтағы Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар 100 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек алған.
Жалпы, облыс бойынша барлығы 6650 адамға бір реттік әлеуметтік көмек көрсету үшін 500 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылған.