Тараздық келіншек бір жасқа толмаған ұлын Павлодардың вокзалына тастап кеткен

600

Полиция қызметкерлері 33 жасар "көкек" ананы екі сағатта тапты.

Тараздық келіншек бір жасқа толмаған ұлын Павлодардың вокзалына тастап кеткен

Кеше сағат 20.40-та "102" нөміріне "Автовокзал" деп аталатын трамвай аялдамасынан 8-10 айлық ұл баланың табылғаны туралы қоңырау түсті. Тәртіп сақшылары дереу жақын аумақты аралап, куәгерлерден жауап ала бастады. Павлодарлықтар мен еріктілерден құрылған топтар да іздеу жұмыстарына кірісті. Сондай-ақ, облыс тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы баланың суретін кеңінен таратып, жариялады.

Трамвай аялдамасының маңында қойылған бейнекамералардан бір жасқа толмаған баланы белгісіз келіншектің тастап кеткені анықталды. Учаскелік инспекция қызметкерлері жедел іздестіру шараларының нәтижесінде "Indriver" мобильді қосмышасы арқылы жолаушылар тасымалдайтын 32 жасар куәгерді тапты. Оның айтуынша, 26 қараша күні Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласынан Павлодарға қолында баласы бар әйелді жеткізіп, автобус сапаржайына қалдырып кеткен. Жүргізушінің мәліметін негізге ала отырып полиция қызметкерлері екі сағат аралығында баланың анасын тапты. Ол Тараз қаласының 33 жасар тұрғыны болып шықты.

"33 жасар азаматша соңғы жылдары Жамбыл облысының Тараз қаласында тұрған. Тұрмыста емес. Кеше тастап кеткен баласынан басқа 9 және 12 жасар екі ұлы бар. Үлкені Екібастұз қаласында әжесімен бірге тұрады. Ал кенже баласын аялдамада қалдырып кетуді алдын ала жоспарлаған екен. Аталған фактіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 1-бөлімі 119-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде", - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

Бала табылған соң бірден жедел жәрдем көлігінің мамандары денсаулығын қарап, жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізді. Қазіргі кезде Батыр дәрігерлердің бақылауына алынды. Денесінде жарақаттар жоқ, бірақ тұмау белгілері бар. Сондықтан тиісті емдеу шаралары жасалуда.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу