Таразда "Әулие Ата" халықаралық әуежайы" АҚ-ның ұшу, отырғызу, әуе қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тарифтерін бекіту жөніндегі өтінішіне байланысты қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап "ҚазАқпарат" ХАА.
Айта кетейік, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің қаржыландыруымен ұшу-қону алаңы қайта жөндеуден өтіп, құрылыс жұмыстары 2013 жылы аяқталды. Осыдан кейін Тараз әуежайы заманауи ұшақтар мен тікұшақтардың барлық түрлерін қабылдай алатын болды. Ауа райының күрделілігіне қарай жарықтандырғыш құрылғылары да жаңартылды. Енді "Әулие Ата" халықаралық әуежайы аэродром техникасының саны, қызметкерлердің біліктілігі жағынан заманға сай әуе байланысына айналды. Әуежайда Еуропа, Орталық және оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыс орнатылған.
"Халықаралық "Әулие Ата" әуежайы" АҚ қызметінің тарифтері 2011 жылдан бері көтерілмеген.
Жолаушыларды отырғызу, ұшуды қамтамасыз ету шаралары ҚҚС-ын есептемегенде ұшу массасының тоннасына 1 414 теңгені құраған. Жаңа тариф жоба бойынша 6 372,24 теңгені құрауы керек.
Бұрынғы әуе қауіпсіздігінің орташа-босату тарифі ҚҚС-сыз ұшу массасының тоннасына 505 теңге болған болса, енді ол 2 392 мың теңге болмақ.
Бағаны көтеруге мәжбүрлеген шарттардың ішінде материалдарға, жанар-жағар майға деген бағаның өсуі, айлық жалақының артуы, амортизация, жарықен белгі беру құрылғы мен арнайы техниканың жөндеу жұмыстары бар.
ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің қызметкерлері жаңа тарифтердің 2017 жылдан бастап енгізілуі мүмкіндігін атап өтті.