Тараздың көлік жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде

170

Соңғы үш жылда қаладағы автобус паркі жаңартылып, жаңа бағыттар ашылып, жол нысандарының құрылысы жүргізілуде.  

Тараздың көлік жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде Фото: ernur.kz

Тараз қаласында көлік жүйесін дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаладағы маңызды жобалардың бірі – Абай даңғылы бойындағы темір жол үстінен өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, жолдағы кептеліс азайып, жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасалады.

Қоғамдық көлік жүйесін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес жыл сайын 70 жаңа автобус сатып алу көзделген. Биыл жыл басынан бері қалаға 10 жаңа автобус жеткізілді. Ал соңғы үш жылда Тараздың автобус паркі 366 жаңа көлікпен толықты.

Соның нәтижесінде жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 82,9 пайызға дейін өсті. Қазіргі таңда қала көшелерінде қатынайтын автобустар саны 330-дан 522 бірлікке дейін артқан.

Сонымен қатар тұрғындардың сұранысына сәйкес 13 жаңа қоғамдық көлік бағыты ашылып, бүгінде қалада 46 маршрут жұмыс істейді.

Жаңартылған көлік жүйесі жолаушылар ағынының өсуіне де әсер етті. Соңғы үш жылда қоғамдық көлікпен тасымалданған жолаушылар саны 36,5 пайызға артып, 14,4 миллион адамға жеткен.

Қалада аялдама инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Биыл 66 жаңа автобус аялдамасын орнату жоспарланған.

Таразда жол инфрақұрылымын жетілдіру, қоғамдық көлік сапасын арттыру және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу