Ауылдағы дәрігерлер науқастарды тіркеу үшін әкімдікке келеді. Себебі ғаламтор желісі тек әкімдікте ғана жақсы тартады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Ауылға интернет тартылғанымен тарбағатайлықтар ғаламтордан таршылық көріп келеді. Мәселені ауыл әкімі де, тұрғындар да талай мәрте көтерген. Ауылдағы күллі халық жұмыстарын әкімдіктегі алты компютермен бітіреді. Мұнда көбінесе дәрігерлер, мұғалімдер, пошта қызметкерлері мен мектеп оқушылары келеді. Ең қиыны дәрігерлер науқастарды осында тіркеп, ауданға жолдама береді.
"Әкімдік пен аурухананың арасы шамамен 150 метрдей. Науқастарды тіркегенде, қажетті мәліметтерді базаға жібергенде бізге интернет қажет. Сол үшін әкімдікке баруға тура келеді. Қыс кезінде ары-бері сенделіп жүру оңай емес. Кейде ол жақта ұзын-сонар кезек қалыптасады. Осының салдарынан жұмысымыз баяулайды", - дейді ақ халаттылар.
Ауыл әкімі Ербол Ережеповтың айтуынша, осы мәселе бойынша байланыс операторларына талай мәрте хат жазылған. Алайда нәтиже жоқ.
"2019 жылға дейін Activ ұялы байланысы жақсы ұстайтын. Алайда Altel мен Tele2-ні қосып, 3G орнатқалы бері байланыссыз қалдық деуге де болады. Жылдамдығы нашар. Бірде ұстайды, бірде ұстамайды. Артық қыламыз деп тыртық қылды. Интернет те жоқ. Жұрттың үнемі көтеретін мәселесі осы", - дейді ауыл әкімі Ербол Ережепов.
Тарбағатай ауылдық округінде 1630 адам тұрады. Округ құрамында 4 елді мекен бар. Олардың айтуынша, Тарбағатай ауылындағы әкімдіктен басқа жерде интернет мүлде ұстамайды. Ұялы телефон байланысы мүлдем нашар.
Абай облысының әкімдігі мәселеден хабардар. Алайда, мәселені толық шешу үшін екі жыл күту керек екен.
"Үржар, Жарма, Аягөз, Бесқарағай, Ақсуат, Абай аудандарының кейбір ауылдарында интернет жылдамдығының өте төмен екендігі белгілі. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен телекоммуникация саласының операторлары арасында 2024 жылға дейін Абай облысындағы 106 елді мекенді сапалы байланыс және интернет қызметтерімен қамту жоспарлануда", - дейді облыс әкімдігі таратқан хабарламада.