Тарифті заңсыз көтеру арқылы 500 млн теңге пайда көрген

609

Екібастұз аумағындағы өндірістік кәсіпорындарға жарық жеткізуші компания қуат құнын заңсыз көтергені анықталды.

Тарифті заңсыз көтеру арқылы 500 млн теңге пайда көрген Фото: el.kz

Шекті тарифтің жүзеге асырылуына мониторинг жүргізген Экономикалық тергеу департаменті, осындай деректі әшкереледі. Қазір монополиске 500 млннан астам теңгені тұтынушы кәсіпорындарға қайтару міндеттелген. Ал, олар өтемақы төлеуден бас тартуда. 

Екібастұздағы "Энергобасқару" деп аталатын компания 2019-2020 жылдар аралдығында көлеңкелі кәсіппен айналысып, атқарылмаған жұмыстар үшін жалған құжаттар жасаған. Содан, тарифті қалыптастыру кезінде шығындарын еселеп көрсетіп, оны төлемақы құнына қосады. Осылайша 500 млннан астам теңге пайда көрген. Монополистің заңсыз әрекетіне екі фирма көмектесіпті.  

"Монополист компания Екібастұз аумағында электр қуаты тарифін заңсыз өсірген. Ол үшін 2 млрд 400 млн теңгеге электр жабдықтарын жөндедік, деп екі фирманың атынан жалған есеп құжаттарын алған. Оны берген екі кәсіпкерге сот шартты мерзімге жаза тағайындау үкімін шығарды", деді Облыстық экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Асылхан Асан. 

Жалған құжаттар әзірлеп берген екі фирма басшылырының бірі екі жыл тоғыз ай, екіншісі үш жыл алты ай мерзімге шартты түрде сотталды. Ал, кәсіпорындардың 500 млннан артық ақшасын қалтаға басқан монополист, бұл қаражатты тұтынушыға қайтаруы тиіс. Өйткені, жарық таратушы компанияның тариф көтеру негіздемесі есептен шығарылды.  

"Біз осы тексеруден кейін энерго таратушы мекеменің тарифті орындау сметасы мен инвестициялық бағдарламасына қайта сараптама жасадық. Шығындарына қатысты өкілетті органға берген есебі қолдан жасалғаны сотта да дәлелденді. Қазір уақытша өсімақысыз төлем белгіленді", деді Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Камилла Байғожанова.

Жарық таратушы компанияға 500 млн теңгеден артық қаржыны тұтынушыға қайтару міндеттелген. Алайда, олар бұл шешіммен келіспей сотқа арызданды. Дегенмен, сот инстанциясы олардың шағымын қанағаттандырмай, департаменттің шешімін дұрыс деп тапқан. Қазір іс аппелациялық қарауда жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу