Тарих мұғалімі Астананың білім басқармасын сотта жеңіп шықты

5053

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Тарих мұғалімі Астананың білім басқармасын сотта жеңіп шықты Фото: bilimdinews.kz

Астанада тарих пәнінің мұғалімі өзіне "мұғалім-модератор" санатын беруден бас тартқан қалалық білім басқармасын сотта жеңіп шықты. Осылайша оның құқығы қанағаттандырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Астанадағы білім басқармасы жұмыс өтілі жеткіліксіз деген желеумен тарих пәнінің мұғаліміне "мұғалім-модератор" санатын беруден бас тартқан. Педагог қызметкерлерді аттестаттау бес жылда бір реттен кем емес өткізіледі деген негізде мұғалімнің өтінішін қабылдамаған. Ұсынылған еңбек кітапшасына сәйкес талапкердің мұғалімдік өтілі 5 жылға жетпейді.

"Мұғалім-модератор" санатын ала алмаған ұстаз Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген.

Істі қарау кезінде Педагог қызметкерлерді аттестаттау қағидалары мен шарттарына сәйкес біліктілік санатын беруге екі жылдан кем емес педагогикалық өтілі бар адамдар өтініш бере алатынын анықтады. Тарих пәні мұғалімінің екі жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар болып шықты.

Сот білім басқармасының арызданушының біліктілік санатын көтеруден бас тартуға заңды негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, істі мұғалімнің пайдасына шешті.

"Аттестаттау комиссиясының хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Ол заңдылықтың негізгі қағидасын бұза отырып шығарылған. Өйткені заңда екі жылдық жұмыс өтілі туралы талап тікелей қарастырылған. Мұғалімнің санатты жоғарылату құқығы қалпына келтірілді", – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу