Ал бүгін №101 станциясында жеңіл рельсті көлік құрамын көтеру жұмыстары жүргізілгені хабарланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құрамды көтеру барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарын сақтай келе штаттық режимде өткен. Анығын айтқанда, құрамды көтеру – LRT жүйесін салу аясындағы жоспарлы шаралардың бір бөлігі. Вагондар станцияда 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған сынақтық іске қосу жұмыстарына дейін тұрмақ.
– LRT жобасын іске асыру – заманауи қалалық көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың мобильділігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған. Алғашқы құрамды көтеру – жобаны жүзеге асырудағы маңызды кезең. Біз жұмыс кестесіне сай алға жылжып келеміз, алдағы күзде LRT жүйесінің сынақ жұмыстарын бастаймыз, – дейді "City Transportation Systems" ЖШС Басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.
Еске салайық, 24 мамырда Қытайдың Таншань қаласынан Астанаға арналған LRT вагондарының алғашқы екі құрамы жөнелтілген-ді.
Inbusiness.kz тілшісі көптен күткен LRT-ның нақты қашан іске қосылатынын осыған дейін хабарлаған еді.