Тарихтың айтылмаған шындығы ашылмақ

2039

Қуғын-сүргін санаттарының толық тізбесімен арнайы жұмысшы топ айналысады. 

Тарихтың айтылмаған шындығы ашылмақ

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Қызылорда өңірлік комиссиясы, тарихи құжаттар қоймасын бүккен сырды зерттеуге кіріспек. Осыған орай комиссия мүшелері жұмыс жоспарын бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жауапкершілік жүгі өте салмақты, себебі аса құпия грейфі сақталған ақиқатқа терең бойлай отырып, мемлекеттік архивтегі құжаттарды ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттеп, зерделеу мақсаты тұр.

Қуғын-сүргін санаттарының толық тізбесімен арнайы жұмысшы топ айналысады. Оған Қорқыт ата атындағы университетінің проректоры Абайбек Жүнісов жетекшілік етпек. Осылайша жергілікті ғалымдар, тарихшы, өлкетанушы, мұрағатшылар мен басқа да құзырлы сала өкілдері бірлесіп ұлт үшін аса маңызды іске, яғни заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге жұмылдырылмақ.

"Оқулықтарда 1929-1931 жылдары 370-тен астам көтеріліс болыпты. Оны қазіргі деректерден көруге болады. Сондықтан біз аса жауапкершілігі мол тарихи істе тек ақиқатқа бойлай білуіміз қажет",– деді саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

Бұл аталмыш комиссияның алғашқы отырысы. Жұмыс жоспарына сәйкес өңірлік комиссияның жұмысшы топ мүшелері алдымен облыстық полиция департаменті, прокуратура, сот, ұлттық қауіпсіздік мұрағаттар базасындағы саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар қорын зерттейтін болады. Сонымен қатар, аймақ бойынша тарихи-этнологиялық экспедицияларға шығады.

Өңірлік комиссия құрамында 21 адам бар. Президент тапсырмасымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде қолға алынған шараның түпкі мақсаты Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтап шығуды, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарына нүкте қою. Баяндамашылардың пікірінше толық ақтау шарасы жазылған. Және ескі жараның бетін тырнап халықты жікке бөлуге соқтырмау керек.

"Өңірлік комиссия мүшелері әрдайым мемлекеттік ұстанымда тұруға, оқиғалар мен фактілерге сондай-ақ тарихи тұлғалардың қызметіне нақты қарауға, жерлестікке, жүзге және руға бөлінуге жол бермеуге міндетті. Осыны қатаң ескерулеріңізді сұраймыз", - деді жұмысшы топ өкілдеріне облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу