Жаһандану дәуірі – ақпарат ағыны жеделдеген, әлемдік мәдениеттер мен құндылықтардың өзара тоғысқан кезеңі. Бұл үдеріс жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер мен жаңа білімге жол ашатыны сөзсіз, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл ретте жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру оны заман талабына сай жаңаша мазмұнмен байытуды талап етеді. Қазіргі таңда отансүйгіштік дегеніміз туған жерге деген ыстық ықыласпен қатар, ұлттық құндылықтарды сақтау арқылы әлемдік озық тәжірибені ел игілігіне жарату дегенге саяды. Осы тұста "Жаһандану заманында жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырудың ең тиімді жолдары қандай?" деген сұрақ туындайды.
Тарих ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Дастан Сәтбай ең бірінші кезекте сапалы білім беріп, оқушылардың, жастардың өз ойларын еркін білдіруіне мүмкіндік беру керек дейді. Ол патриоттық тәрбиені күшейту бағытында қандай нақты ұсыныстар қажет екеніне де тоқталып, тарих ғылымының маңызын да атап өтті. Сарапшының сөзінше, жастар ел тарихын жақсы білуі тиіс.
"Өкінішке қарай, мектептерде тарих курстарының формализм жағы көп. Жаттандылық пен мұғалімдердің деңгейіне қатысты мәселе бар. Ал тұлға дегеніміз кішкентайынан қалыптасады. Мұғалімнің өзі тұлға болуы керек. Тарихтың міндеті – азаматтық сананы қалыптастыру. Балаларға да айтып отырамын – біздің тарих деп отырғанымыз көліктегі артқа қарайлатылған айна сияқты. Артында не тұрғанын көріп, біліп тұрсаң, алдындағы жолың да өте дұрыс болады. Сондықтан да біз өзіміздің тарихымызды өте жақсы білуіміз қажет және ол азаматтық санаға қызмет етуі тиіс", – деді сарапшы.
Дастан Сәтбайдың сөзінше, осы тұста азаматтық сана ұғымын дұрыс түсіну қажет.
"Мысалы, азаматтық идея – Батыс өркениетінің туындысы. Қазіргі Батыс Еуропа – солардың ұрпақтары", – деп атап өтті спикер.