Бүгіннен бастап эфирге режиссер Рүстем Әбдіраштың "Қазақ хандығы" атты тарихи кинодастаны жол тартады, деп хабарлады 31 арна.
Тарихи кинодастан Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуі мен жеке хандық құру кезеңін қамтиды. 15- ғасырдың орта тұсынан сыр шертетін туынды ел мүддесі үшін қасық қаны қалғанша күрескен батырларымыздың ерлігі мен таққа таласқан хандардың әрекетін әшкерелейтін көріністерге толы.
"Бір сөзбен айтқан кезде бұл тарихы сериал, бұл біздің ата-бабамыз туралы сериал. Сондықтан көру керек, басқа сериалдармен салыстыруға мүлде келмейді",- дейді кинода Бұрындық сұлтанның рөлін сомдаған актер Аян Өтепберген.
Фильмде Керей мен Жәнібек елге үстемдік жүргізуді мақсат тұтқан Шайбаншахпен тайталасқа түседі. 1457 жылы Сығанақ маңында болған ойраттармен шайқаста жеңілген Шайбаншах олармен бітімгершілікке келеді. Алайда көшпенді халықты уысынан шығармау үшін аяусыз саясатын жүргізуді тоқтатпайды. Ханның озбырлығына төзе алмаған Керей мен Жәнібек оған қарсы шығады. Маңайындағы тайпалардың басын қосып, Моғолстан шекарасына көшіп кетеді де, сол жерде жаңа хандық бой көтереді. "Менің ойымша, жұмыс барысында туындаған барлық қиындықтарға қарамастан біз көп дүниеге қол жеткіздік. Кинотехнология деңгейінде сериал жасап шығару өте ауыр. Бұл 3 толық метражды картинамен пара-пар. Көрермендерді бұрын соңды қазақ телевизиясында болмаған компьютерлік графикамен қуантайын деп отырмыз", - дейді компьютерлік графика бойынша продюсер Дамир Айникеев.