Құқық қорғау қызметкерлерінің денсаулығына аса қауіпті емес күш көрсеткендерге 11 млн теңге айыппұл салу көзделіп отыр. Яғни айып құнын 2 мыңнан 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жоспарда бар, деп хабарлайды 24Хабар.
Бүгін Мәжілісте құқық қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған заңнамаға осындай өзгерістер енгізу ұсынылды. Ал тәртіп сақшыларына бағынбағандарға салынатын айыппұлды жүз айлық есептік көрсеткіштен екі жүзге дейін арттыру қарастырылған. Алайда бұл жаңашылдықтарға Мәжіліс төрағасы қарсылық білдірді. Нұрлан Нығматулин Елбасы жеңіл-желпі заңбұзушылықтар үшін жазаны жеңілдетуді тапсырғанын болатын. Ал заң жобасында керісінше, жазаны қатаңдатып, айыппұлды ұлғайту көзделіп отыр деді. Бұл шара қылмысты төмендетуге кепілдік бермейтінін айта келе, заң жобасына екінші оқылымда тиісті түзетулер енгізуді ұсынды.
"Мұндай айыппұлдар төтенше жағдайлар кезінде немесе терроризмге қарсы операцияларды жүргізгенде өзін дұрыс ұстамаған адамдарға салынады. Жаппай қолданысқа енгізу қарастырылып отырған жоқ. Бұл мәселе енді екінші оқылымында егжей-тегжейлі қарастырылады. Айыппұл көлемі төмендетіледі деп айта алмаймын. Мұны депутаттар шешеді", – деп атап өтті ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель.