Тәртіп сақшысы үш адамды өлімнен арашалап қалды

566

Тәртіп сақшысы үш адамды өлімнен арашалап қалды

Павлодар облысында ауыл учаскелік инспекторы үш адамды ажал аузынан алып қалды, деп хабарлайды Baq.kz.

Оқыс оқиға Павлодар ауданының Розовка ауылында бүгін түнгі сағат 01.00-де болды. Өрт алдымен қорада тұтанып, кейін тұрғын үйді жалмаған.

Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Баян Мағзұмованың айтуынша, полиция лейтенантының жедел әрекетінің арқасында үш адам құтқарылған.

"Учаске инспекторы Бауыржан Бидаев жұмысынан соң үйіне келе жатқанда шаруашылық нысанының жанып жатқанын көрген. Ұйытқып соққан желдің салдарынан от тұрғын үйге де тарады. Тәртіп сақшысы дереу үйге кіріп, жағдайды тексерген. Үйдің ішінде зейнет жасындағы азамат, оның 49 жастағы ұлы мен немересі болған. Учаскелік полицей оларды оятып, сыртқа шығарған", – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова.

Өңірдегі төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалынды сөндіруге 3 өрт техникасы жұмылдырылған.

"Бес бөлмелі жер үй жанып кетті. Салдарынан баспананың шатыры құлаған. Жалпы, қызыл жалын 120 шаршы метр аумақты жалмады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Шығын мен себебі кейінірек белгілі болады", – дейді ТЖД баспасөз қызметінің маманы Марал Сағынаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу