Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласындағы халықаралық әуежайға тәртіпсіздіктер кезінде шабуыл жасалды. Бұл туралы Өзбекстан Бас прокуратурасының бөлім прокуроры Аброр Маматов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Белгісіз біреулер Ходжалы ауданындағы әскери бекетке шабуылдап, қару-жарақтарды ұрлады, кейін Нүкістегі халықаралық әуежайына шабуыл жасады", – деді Маматов.
1 шілдеде Нүкісте Өзбекстан Конституциясына енгізілетін түзетулерге байланысты заңсыз шеру өтті. Өзбекстан ІІМ-нің мәліметінше, Қарақалпақстандағы қоғамдық тәртіп қалпына келтірілді.
Жергілікті биліктің айтуынша, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар тобы ұсталды, олар билікті басып алмақ болған.
Ел Президенті Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстанда 3 шілдеден 2 тамызға дейін төтенше жағдай режимін енгізді. 3 шілдеде ол тәртіпсіздіктер салдарынан бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тапқанын жариялады.
Мирзиёев Конституцияға Қарақалпақстанның егемендігіне қатысты түзетулерді енгізуден бас тартуды ұсынып, артынан ел парламенті Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
Бас прокуратураның соңғы мәліметі бойынша, тәртіпсіздіктер кезінде 18 адам қаза тауып, 243-і түрлі деңгейде жарақат алды.
Табиғат Нұрболат
Фото: apnews.com