ҰҚК Шекара қызметі контртеррористік операциялардың ағымдағы нәтижесін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері терроризмге қарсы операциялар басталғалы дербес, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлескен топтар құрамында қоғамға қарсы акцияларға қатысты деген күдікпен 366 адамды ұстады.
Олардың алтауы қарсылық көрсету кезінде жарақат алды.
"Қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде: 30 бірлік қару (тегіс ұңғылы – 22, карабиндер – 3, пистолеттер – 5), 245 бірлік оқ-дәрі, 2 бірлік суық қару, 8 радиостанция, 4 бронежилет тәркіленді.
Ұсталған 200-ден аса адамнан ұялы телефон, сандық техника (планшеттер, ноутбуктер), халық тұтынатын тауарлар (15 қорап парфюмерия, 267 бөтелке спирттік ішімдіктер) және қомақты қаржы сомасы тәркіленді", – деп жазылған хабарламада.
"Сондай-ақ күдіктілерден 29 көлік, діни әдебиеттер мен заңсыз митингтерді ұйымдастыру тәртібі бойынша әдістемелік құралдар алынды", – деп жазылған хабарламада.
Шекара қызметінің бөлімшелері тұрақты жауынгерлік әзірлікте, шекара күзеті күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.