Естеріңізге салайық, бұған дейін Прокурор Кәрім Шұғаевқа ар-намыс кодексін бұзды деген айып тағылды. Салдарынан ол тәртіптік жазаға тартылып, қызметінен қуылды.
Бұған прокурормен сөйлескеннен кейін табельдік қарудан өзіне оқ атқан тергеуші оқиғасы себеп болды. Салдарынан ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша прокурордың үстінен сотқа дейінгі тергеу басталған. Кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы жоқ болуына байланысты тергеуді тоқтатқан.
Өз кезегінде Кәрім Шұғаев бас прокуратураны сотқа беріп, тәртіптік жаза туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, өзін қызметіне қайта қабылдауды және мәжбүрлі түрде жұмыстан шығарылған кездегі жалақысын төлеуді талап етті.
Нәтижесінде сот прокурордың талабын толық қанағаттандырды. Қызметіне қабылданған прокурорға 1 255 699 теңге көлеміндегі жалақысы өндірілді.
"Шұғаев Кәрім Маратұлына қатысты прокуратура органдарынан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық заңсыз деп танылсын. Кәрім Шұғаев 2021 жылғы 8 маусымнан бастап Павлодар облысы Железин ауданының прокуроры лауазымында жұмыс істей бастасын", – деп жазылған сот шешімінде.
Қанат Махамбет