Осылайша, Ташкент қаласында бұған дейін ауруханаға жатқызылған Қарағанды облысынан келген қазақстандық жас футболшылардың барлығы ауруханадан шығып, Қазақстанға оралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктерінің үйлесімді өзара іс-қимылының арқасында балаларға уақтылы білікті медициналық көмек көрсетіліп, олардың елге қауіпсіз оралуы қамтамасыз етілді.
Оқиға болған алғашқы күндерден бастап Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің өкілдері зардап шеккендердің ата-аналарына қолдау көрсетіп, екі елдің медициналық мекемелерімен және құзыретті органдарымен тұрақты байланыста болып, қажетті консулдық және ұйымдастырушылық көмек көрсетті.
Жас спортшылардың ата-аналары көрсетілген қолдау үшін Елшілікке, сондай-ақ Ташкент қаласының әкімдігіне, қалалық денсаулық сақтау басқармасына және медицина қызметкерлеріне кәсібилігі, ықыласы мен қамқорлығы үшін алғыстарын жеткізді.
Қазақстан Елшілігі №5 Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының басшылығы мен медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ аталған іске жұмылдырылған барлық қызметтерге жедел қолдауы мен тиімді өзара іс-қимылы үшін шынайы ризашылығын білдіреді, – делінген елшілік таратқан ресми хабарламада.
Бірлескен үйлесімді жұмыс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынастардың, өзара қолдау мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің тағы бір айқын дәлелі болды.
Бірнеше күн бұрын Ташкентте 15 қазақстандық жас футболшы ауруханаға түскенін жазған едік.