Жәбірленуші тарап бұдан бұрын шыққан төрелік шешімнің күшін жоюды соттан талап етті. Шешімге сәйкес, "Ташяпы" Қазақстанға 6,7 миллиард теңге төлеуі қажет.
"Қазақстан Республикасы Париж сотына Ташяпының талап-арызы негізсіз екенін дәлелдеді. Сонымен қатар сот Ташяпыны Қазақстанның 30 000 еуро көлемінде кеткен сот шығындарын өтеуге міндеттеді", – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, дау автомобиль жолдары комитеті мен "Ташяпы" арасында болған. Автомобиль жолдары комитеті Ақтөбе-Мақат жолын салу және қайта жаңарту туралы келісімшартты заңсыз бұзды деп айыпталды. Қойылған талаптардың сомасы 6,5 миллион доллар болған.
2019 жылдың 3 желтоқсанында Сингапурдегі Халықаралық төрелік орталығының төрелік соты Ташяпының талап-арыздарын қабылдамай, Қазақстанның қарсы талаптарын қанағаттандырған еді. Төрелік соттың орны да Париж қаласы болған. Осы іс бойынша мемлекеттің мүдделерін қорғауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырды. Консультант ретінде "Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP" заң фирмасы жалданған.