"Тәсілдер әбден ескірген": Мемлекет басшысы инвестиция тарту жүйесін сынға алды

Президенттің пікірінше, әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді.

"Тәсілдер әбден ескірген": Мемлекет басшысы инвестиция тарту жүйесін сынға алды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Сол себепті, бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді.

Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек.

Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек.

Себебі, қазіргі уақытта осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент "инвестицияға қатысты мәселелермен "Бәйтерек" холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім шығар" деген пікірін де ашық айтты.

Сол секілді, Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастыра түспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу