Тасқын төтенше жағдай жариялатты

588

Батыс Қазақстан облысының 4 ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Тасқын төтенше жағдай жариялатты Фото: inform.kz

Тасқын судан қатер төнген Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында жағдай күрделене түсті. Қызыл су 50 шақты үйдің ауласына кіріп, 30-дан астам автожолды жауып қалған. Құтқарушылар кешелі бері су басқан ауылдардан 250 тұрғынды эвакуациялады. Тіпті, тасқын салдарын жою үшін Атырау және Маңғыстау облысынан құтқарушылар көмекке шықырылды. Қазір тасқын судың қаупін сейілту шаралары жалғасып жатыр. 

Батыс Қазақстан облысындағы 5 ірі елді мекенге   тасқын судан қатты қатер төніп тұр. Бүгін, Бәйтерек ауданында да төтенше жағдай жарияланды. Мұндағы Достық, Дариян ауылдарында қызыл су ұңғымаларға кіріп, тұрғындар ауыз сусыз қалды. Бөрілі ауданындағы Ақбұлақ ауылында да бөгет бұзылып, тасқын жақын маңдағы Қызылтал және Аралтал ауылдарының іргесіне дейін жетті. Ал, мүлде көлік қатынасынсыз қалған Қоржын кенттінен 16 адам тікұшақпен эвакуацияланды.

"Ақбұлақ ауылында 10 шақты үйдің ауласын су басып, 44 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Кеңтүбек ауылынан да 22 адам қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Қазір, Қызылталдан тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қанша үйді су басқаны, қаншасына қауіп төніп тұрғаны нақтылаймыз. Ал, Ақсу ауылында су деңгейі түсіп, көшірілген 76 адам үйлеріне қайтып оралды", дейді БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Рауан Қайырғалиев. 

Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы жағдай да жіті бақылауда. Мұнда 15 үй мен бірнеше ғимаратты су басқан. Тұрғындар жақын маңдағы   эвакуациялық пунктке көшірілді. 

"Қазір үйлердің аулаларын аралап жүрміз. Қапшықтарды төсеу бойынша шаралар қабылдадық. Тасқынға қарсы іс-шараларға 35 техника, 123 адам жұмылдырылды", дейді Облыстық ТЖД басшысы Марғұлан Аманбаев.

2 өңірде де тұтас ауылдарды су басып кетпес үшін облыстық маңыздағы жолдар жабылған. Бір белгілісі, күре жолдарға 26 жерден екпінді ағын келіп  соққан. Төтеншеліктер асфальттан "суағарлар" қазып, ағын судың деңгейін түсіруге күш салыпты. Осылайша 16 жерде тасқын тоқтаған. 

"Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жалпы саны 51 үйді су басты. 240 адамның 20-дан астамы уақытша эвакуация пунктіне орналасты, қалғандары туыстарының үйіне кетті", дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Қазір мамандар қатер төнген бұл елді мекендерді әуеден бақылауға көшкен. Абырой болғанда адамдар аман. Мамандар судың жерге сіңбей, жайылып кетуіне жердегі тоңның терең болуы әсер еткенін айтады. Қазір қауіп басым Батыс Қазақстан облысына көрші Атырау және Маңғыстау өңірлерінен 100-ден астам құтқарушы мен 30-дан астам техника көмекке келіп, қызу жұмыс істеп жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу