Тасмағамбетов қазақстандықтарды Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады

1243

Тасмағамбетов қазақстандықтарды Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады

Мемлекет азаматтық қоғам институттарын қолдауды бір сәтке де тоқтатқан емес. Бүгін 7-ші Азаматтық форумда сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов осылай айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Аз уақыттан соң бүкіл ел болып мемлекетіміздің мәртебелі мейрамы Тұңғыш Президент күні мен ұлтымыздың ұлық мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеміз. Олай болса бүгінгі жүздесуімізді де ақ тілектен бастап, баршаңызды  ел өмірінде ерекше орны бар осынау мәнді де мағыналы мерекелермен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сөз жоқ, осында отырған көпшіліктің ел дамуына қаншалықты үлестеріңіз мол болса Тәуелсіздігіміз бен Елбасының да өздеріңіз тасын өрге домалатып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың өсіп-өркендеуіндегі рөлі  де талассыз. Өйткені, егемендіктің осы ширек ғасырында ашық қоғамның пайда болуына себеп Тәуелсіздік болса, оның дамуын жан-жақты жағдай жасаған, әрине, Елбасымыздың салиқалы саясаты", – деді Тасмағамбетов.

Осы орайда вице-премьер оның көп куәлігін тізбей-ақ бір ғана дәлелмен  айтып өтті.

"Кезінде, сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасыға түрлі саяси қоғамдық күштерден "бір ұлттық республика болайық я болмаса қазақ мемлекетін орнатайық" деген сияқты көптеген ұсыныстар айтылған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы "зайырлы елдің адамдары өздерін христиан да, мұсылман да, кедей де, бай да емес ең алдымен азамат сезінуі керек. Ендеше біз ұлттың не діннің емес тұтас азаматтардың қоғамын құруымыз керек" деген еді. Бүгін міне, осы қанатты қағиданың заңды жемісі еліміздегі ұзын-саны 18 мыңнан асатын үкіметтік емес ұйымның бетке ұстар ең белсенді азаматтары елорда төрінде жиналып, азаматтық қоғамның кезекті жетінші форумында алқа құрып отыр. Бос отырмай таңертеңнен бері қызу жұмысқа кірісіп, бірқатар мәселені талқылады. Ол солай болуы да керек. Себебі азаматтық форум дегеніміздің өзі бір ұжымның не бір ұйымның күнделікті өтетін жиналысы емес. Пікірталасы қайнаған, әлеуметінің айнасын айшықтап, осыған орай ұсыныс-тілегін дайындаған нағыз ойлы да, орамды орта. Оның қоғамға берер құндылығы да, мемлекетке керек шындығы да міне осында. Сондықтан да мемлекет азаматтық қоғам институттарын қолдауды бір сәтке де тоқтатқан емес", – деді ол.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу