Душанбеде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуі өтті, деп жазады inbusiness.kz ҰҚШҰ сайтына сілтеме жасап.
Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әңгіме басында Эмомали Рахмон Иманғали Тасмағамбетовті ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, оған жұмыста табыс тіледі.
Әңгімелесу барысында тараптар ұйымның алдында тұрған міндеттерді талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі кейбір өзекті мәселелерді қарастырды.
Тәжікстан Президенті саяси өлшемдегі өзара іс-қимылды арттырудың, ҰҚШҰ-ның халықаралық қызметін кеңейтудің, әскери, әскери-техникалық және әскери-экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін арттырудың өзектілігін ерекше атап өтті.
Қауіпсіздікке, атап айтқанда терроризмге, экстремизмге, радикализм көріністеріне, есірткі контрабандасына, киберқылмысқа және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмысты күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Әңгіме барысында тараптар Ауғанстандағы жағдай мен халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.