"Tasqyn" жүйесі ықтимал су басу аймақтарын 7 күн бұрын 85% дәлдікпен болжай алады

133

Ақпараттық жүйеге су тасқыны қаупі бар 17 мың өзеннің мәліметтер енген. 

"Tasqyn" жүйесі ықтимал су басу аймақтарын 7 күн бұрын 85% дәлдікпен болжай алады Фото: istockphoto.com

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Сенатта өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.              

"Tasqyn" ақпараттық жүйесін еліміздегі бірнеше министрлік бірлесіп әзірлеген. Жүйе су қоймаларына судың келуін болжау және өзендердің көктемгі ағынын автоматтандыру, сондай-ақ цифрлық болжау гидрографы арқылы су басу аймақтарын модельдеу мақсатында жасалған.

"Бұл ақпараттық жүйе төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жаһандық GLOFAS жүйесімен біріктірілген, онда елдің, соның ішінде су тасқыны қаупі бар 17 мың өзеннің деректер базасы бар. Жүйеде метеостанциялар, гидробекеттер, ауыл шаруашылығы жерлері, мал қорымдары, теміржол және автомобиль жолдары, электр желілері туралы мәліметтер көрсетіледі. Су қоймалары бойынша ағымдағы және жоспарлы су ағызуларды көрсететін бақылау жүйесі бар. Мысалы, республикалық меншіктегі 86 ірі су қоймасы цифрландырылды, әрқайсысы бойынша су көлемі, келуі және ағызылуы жөнінде функционал енгізілді. Министрлік орталық, солтүстік және батыс аймақтардағы өзендердің басым учаскелерінде батиметриялық түсірілімдер жүргізді, олардың нәтижелері "Tasqyn" ақпараттық жүйесіне енгізілуде", – деді Болат Бекнияз.

"Tasqyn" жүйесі су шығыны мен өзен деңгейінің ұзақ мерзімді (30 күн) және қысқа мерзімді (15 күн) болжамын жасай алады. Сондай-ақ ықтимал су басу аймақтарын 7 күнге дейін 85% дәлдікпен модельдей алады.

Айта кету керек, осыған дейін су тасқынын болжауға арналған "TASQYN" жүйесі қалай жұмыс істейтінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу