Мұны Маңғыстау облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
14 желтоқсан күні әлеуметтік желілерде аударылып қалған фура бейнеленген видео кеңінен тарады. Куәгерлер жүк көлігінің қатты көктайғақ салдарынан Боранқұл ауылына жақын маңдағы 64-разъезде аударылғанын айтады. Оқиға орнында жүргізуші жергілікті тұрғындарға жедел хабар беріп, зақымданған йогурттарды тегін таратқан.
Оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ, ешкімге медициналық көмек қажет болмаған.
– Жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша хаттама толтырылды. Бұл бап көлік құралдарына, жүкке немесе жол инфрақұрылымына материалдық залал келтірген жол ережесін бұзуды қамтиды. Айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 78 640 теңге, – деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Алдын ала мәліметке сәйкес, йогурттарды тарату жүк иесімен келісілген. Өнім тез бұзылатын санатқа жатады, қаптамалардың бір бөлігі зақымданған, ал сақтау мерзімі шектеулі болған.
Полиция жүргізушілерді қысқы жол жағдайында, әсіресе көктайғақ кезінде аса мұқият болуға шақырып отыр.