Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында Асхат Оралов мәлім етті.
Айтуынша, жұмыс істеп тұрған нысандарға шамадан тыс жүктемені азайту үшін алдағы уақытта жаңа нысандарды ашу керек.
Айта кетейік, бүгінде еліміздегі тау-шаңғы туристерінің саны жағажай туристерінің санымен бірдей. Сондай-ақ аталған туризм түрін үлкен экономикалық тиімділік пен айрықша кіріс көзі ретінде қарауға болады. Тау-шаңғы туристі орташа есеппен күніне 250 доллар, яғни жағажай туристіне қарағанда 5 есе көп жұмсайды.
"Алайда бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған курорттарда артық жүктеме байқалуда. Мысалы, "Шымбұлақ" курортында мереке және демалыс кездері өте ауыр жүктеме күніне 12,5 мың адамды құрайды, ал оңтайлы жүктеме күніне 6 мың адамды құрайды. Осыған байланысты, Қазақстанда тау-шаңғы туризмінің жаңа нысандарын ашуымыз керек. Мемлекет басшысы Алматы қаласының жұртшылығымен кездесуде тау-кен кластерін кешенді дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Сондықтан курорттарды аспалы жолдармен бір экожүйеге қосу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған объектілерді кеңейту қажеттілігі туындайды.
Біз инвесторларға түрлі жеңілдік ұсынып, аспалы жолдарды, ратрактар мен қар ататын зеңбіректерге кеткен шығынның 25% дейінгі көлемін өтеуге ниеттіміз. Сонымен қатар, тау-шаңғы курорттарына қажетті қармен жабдықтаудың тұтас жүйесіне де осындай өтеу тетігін қарастыру жоспарланып отыр", - деді Асхат Оралов.