Бүгін "Шымбұлақ" тау-шаңғы шипажайында тау-шаңғы спорты, сноуборд және фристайлдан Қазақстан кубогының кезеңі басталды. Қазақстан кубогының кезеңі 2017 жылғы Алматыдағы Дүниежүзілік қысқы универсиадаға орай тестілік жарыс ретінде өткізіліп отыр.
Тау шаңғышылар арасында өткізілген жарыстың бірінші күнінде ерлер мен әйелдер арасындағы алып слалом жеңімпаздары анықталды. Ерлер арасында талпыныстың екеуінде де Риддерден келген Захар Кучин ең үздік нәтиже көрсетіп, Александр Костров екінші, ал Алексей Сысоев үшінші орынды иеленді.
Әйелдер арасында ең үздік уақытты Екатерина Карпова көрсетті, Мария Григорова одан секундтың жүзден бір бөлігіне жеңіліп қалды. Үшінші орынды Екатерина Коваленко иеленді.
Алып слаломға барлығы 37 спортшы қатысты. 20 қаңтарда слалом дипсциплинасында ең мықты спортшылар анықталады. Сөз орайында айтып өтелік, Алматыдағы Универсиада кезінде тау-шаңғы спортында Қазақстан намысын Мартин Хубер, Сергей Данов, Захар Кучин, Александр Костров, Алексей Сысоев, Екатерина Карпова және Мария Григорова қорғамақ.