Тауар экспорты 36,2 пайызға ұлғайды

1078

Тауар экспорты 36,2 пайызға ұлғайды

2017 жылғы бірінші жартыжылдықта ағымдағы шоттың тапшылығы алдын ала бағалау бойынша 30,5%-ға төмендеп, 2,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте 2017 жылғы 2-тоқсанда тапшылық өткен тоқсанмен салыстырғанда 16,2%-ға (1,2 млрд АҚШ долларына дейін) және өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2 еседен аса қысқарды, деп хабарлайды nationalbank.kz.

Мұнайдың әлемдік бағасының салыстырмалы түрде өсуі және "Қашаған" кен орнындағы өндірісті іске қосу, бір жағынан, экспорттық кірістердің өсуін қамтамасыз етті, екінші жағынан,  шетелдік тікелей инвесторлар кірістерінің өсуіне ықпал етті. Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағалары 2017 жылғы 1-жартыжылдықта орташа алғанда бір баррель үшін 52,2 АҚШ долларын (2016 жылғы 1-жартыжылдықта орташа алғанда бір баррель үшін 40,2 АҚШ доллары) құрады. Сауда балансының оң сальдосы 2016 жылғы 1-жартыжылдықтағы 4,6 млрд АҚШ долларынан ағымдағы жылғы 1-жартыжылдықта 8,6 млрд АҚШ долларына дейін екі есе дерлік ұлғайды.

Тауарлар экспорты 2016 жылғы 1-жартыжылдықтың көрсеткішімен салыстырғанда 36,2%-ға немесе 6,2 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 23,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл ретте мұнай және газ конденсаты экспортының құны  44,7%-ға, ал қара және түсті металдар экспорты тиісінше 69,6%-ға және 25,1%-ға өсті.

Тауарлар импорты 2016 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 16,8%-ға ұлғайып, 14,8 млрд АҚШ доллары болды. Негізгі тауар номенклатурасының барлық топтары бойынша өсім болды. Ең көп ұлғаю азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларын әкелу бойынша көбірек болды.

Шетелдік тікелей инвесторлардың кірістерін төлеу 2016 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 1,5 есеге 8,1 млрд АҚШ долларына дейін өсті, ал жалпы алғанда инвестициялық кірістер балансының теріс сальдосы 2017 жылғы 1-жартыжылдықта 8,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Шетелдік тікелей инвесторлар кірістерінің 50%-нан астамын Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарына қайта инвестициялады.

Қаржы шоты бойынша капиталдың таза әкелінуі (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) алдын ала бағалау бойынша 2,6 млрд АҚШ долларын құрады.

Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша капиталдың таза әкелінуі 4,1 млрд АҚШ долларын құрады, бұл негізінен қазақстандық кәсіпорындардағы кірістердің қайта инвестициялануымен және үлестес тұлғалардың алдындағы фирмааралық берешектің өсуімен байланысты болды.

Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың таза әкелінуі 2,2 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл негізінен банктік емес ұйымдардың капиталдың халықаралық нарықтарында еурооблигациялар шығаруы есебінен қамтамасыз етілді.

Басқа инвестициялар бойынша қаржы ресурстарының елден әкетілуі резиденттердің шетелдік шоттардағы қысқа мерзімді активтерінің өсуіне және банктік емес ұйымдардың дебиторлық берешегінің ұлғаюына, сондай-ақ банктердің және банктік емес ұйымдардың ұзақ мерзімді қарыздар бойынша міндеттемелерін қысқартуына байланысты болды.

Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есептемегенде) 2017 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша 30,0 млрд АҚШ долларына бағаланды, бұл қазақстандық тауарлар мен қызметтер импортын 8,7 ай қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу