Тауар өндірушілердің сауда миссиясы Татарстанда отандық өнімдерді таныстырды

844

Тауар өндірушілердің сауда миссиясы Татарстанда отандық өнімдерді таныстырды

Қазақстандық тауар өндірушілердің сауда миссиясы Татарстанда отандық өнімдерді таныстыру рәсімін өткізіп жатыр. Шараға еліміздің 30-дан астам компаниясы қатысуда, деп хабарлайды khabar.kz. 
Тамақ өнеркәсібінің өкілдері өз өнімдерін жергілікті ірі сауда желісінде көпшілікке таныстырды. Ал өнеркәсіптік өндіріс мамандары Қазан қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басшылығымен кездесті. Ресейліктерді Қазақстан тарапы ұсынған "Ақылды үй" және "Смарт сити" жобасы қызықтырды. 
Басқосуда мұнай-газ секторында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, электрлі техника мен медицина құралдары бойынша тың жобалар талқыланды. Келіссөз қорытындысы таяу арада Қазанда өтетін Қазақстан-Ресей бизнес-форумынан кейін белгілі болады.
Айта кетейік, биыл еліміздің сауда миссиясының шаралары Омбы, Түмен, Новосібір қалаларында да өтті. Осы кездесулер нәтижесінде 10 миллион доллардан асатын келісімшарттарға қол қойылды. 
"ҚазИнвест" компаниясы ұлттық тауарлардың экспорты едәуір артып келе жатқанын айтады. Әсіресе машина жасау, химия және тамақ өндірісі саласында ілгерілеу бар. 
"Кездесуде көптеген бағыт бойынша тартымды ұсыныстар жасалды. Енді келіссөзді мамандарды тарта отырып, жалғастырмақ ойдамыз. Мәселен, мені тұрғын үй-коммуналдық қызметінің өкілі ретінде құбырлар, ілмекті темірлер, процестерді автоматтандыру жағы қатты қызықтырды", - дейді Қазан қаласы атқарушы комитеті басшысының орынбасары Искандер Гиниятуллин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу