Көмірді заңсыз сатқандар көл-көсір пайдаға кенелген

222

Қаржылық мониторинг агенттігі "Modern Trading Solutions" тауарлық биржасының заңсыз қызметін тоқтатты. 

Көмірді заңсыз сатқандар көл-көсір пайдаға кенелген Фото: canva.com

Аталған ұйым басшылығы биржалық сауданың негізгі қағидаларын бұзған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олардың Шұбаркөл кен орнынан көмірді тек заңсыз материалдық сыйақы төлеген тұлғаларға сатқаны белгілі болған. 

"Modern Trading Solutions" тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, көмір саудасына әрдайым ақшалай сыйақы беретін адамдарды ғана қамтып отырған. 

Ал шын мәнінде сауда жасағысы келгендердің аккредитация мерзімін созып, келісімшартқа қол қоймай, саудаға қолжетімділігін шектеу және олардың нәтижелерін жою арқылы кедергі келтірген. Мұның соңы жылыту маусымы алдында көптеген арыз-шағым мен әлеуметтік шиеленіс тудырған. 

Қылмыстық топтың жыл сайынғы кірісі 2 миллиард теңгеден асқан. Оны өзіне қарасты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айырбастаған.

Қазіргі уақытта сауда биржасының 3 басшысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, тағы біреуіне осындай шарамен қатар, іздеу жарияланған. 

ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды.

– Егер сізге экономикалық құқықбұзушылық жасау фактілері белгілі болса, бұл туралы "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі, – делінген ресми хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік маңызды тауарларға баға қалыптастыруды бақылауды жалғастырып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу