Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"25 тамызда 13:27-де Төле би көшесі мен Шығыс айналма жолында құрғақ шөп өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Бірінші өрт сөндіру есептері келгенде Төле би көшесінен төмен Шығыс айналма жолының батыс жақ беткейінде құрғақ шөп жанып жатқанын анықтады. Өрттің аумағы шамамен 1,5 гектарды қамтыды. Қатты соққан жел мен биік өскен шөптен беткейдің жоғары жағында орналасқан жеке тұрғын үйлерге таралу қаупі туындады", – деді департаменттен.
Отқа оранған аумақ пен тұрғын үйлердің арақашықтығы 20 метрді құрады. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт оқшауланды, 4 өрт оқпандары жіберіліп, тілсіз жауды ауыздықтайтын жарылғыштар қолданылған.
"Өртті сөндіруге жеке құрамнан 40 адам, 9 бірлік техника және әкімдіктің 1 су тасымалдайтын автокөлік жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілді. Жекелеген өрт ошақтарына су құю жұмыстары жүргізілуде. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ", – деп толықтырды ТЖД.
Құралай Құдайберген