Тәуекел санаттарына кірмейтін медициналық қызметкерлерге де үстемеақы төленбек

696

Тілеухан Әбілдаев тәуекел тобына кірмеген қызметкерлерді медициналық ұйымдардың жалақы қорынан қаржылай қолдау мәселесі қаралуда екенін жеткізді.  

Тәуекел санаттарына кірмейтін медициналық қызметкерлерге де үстемеақы төленбек

Алматылық медицина қызметкерлері жұмыс істеген сағаттары үшін толық көлемде төлемдерін алды. Бұл туралы Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлім етті.

Ол кейбір ақпарат құралында Covid-19 вирусына қарсы іс-шараларға тартылған медициналық қызметкерлерге үстемеақы төленбегені туралы ақпаратқа қатысты жауап берді.

"Аталған факт бойынша Мемлекеттік комиссия бекіткен тәуекел санаттарына кіретін барлық медицина қызметкерлері жұмыс істеген сағаттары үшін толық көлемде төлемдер алғандығын ресми түрде хабарлаймыз",– деді спикер.

Тілеухан Әбілдаев көмек алуға 3 тәуекел тобына жатқызылған медицина қызметкерлері құқылы екенін еске салды.

"Жалақыға қосымша берілетін үстемеақы кімге тиесілі жөнінде және қызметкерлер санаты туралы мен өзім жеке түсіндіру жұмыстарын жүргіздім",– деді ол.

Басқарма басшысы тәуекел тобына кірмеген қызметкерлерді медициналық ұйымдардың жалақы қорынан қаржылай қолдау мәселесі қаралуда екенін жеткізді.

"Одан бөлек жергілікті бюджеттің есебінен, әкімшілік қорының есебінен оларды қосымша қолдау мәселелерінің шешімі табылады", – деді Әбілдаев.

Қазіргі уақытта 3758 медицина қызметкеріне 1,2 млрд теңге көлемінде қосымша үстемеақы төленіпті. Ол Covid-19 инфекциясымен тікелей жұмыс істеу барысында жұқтырған жағдайда медицина қызметкерлеріне 2 млн теңге көлемінде өтемақы төленетінін де еске салды. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу