Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған парадқа дайындық жүріп жатыр.
Астана аэродромында әскери-әуе күштеріміздің алғашқы жаттығуы өтіп, елдің әр түкпірінен жиналған ұшқыштардың тәжірибесі сынға түсті. Парадтың шарықтау бөліміне әскери-әуе қорғанысы жауапты. Қанатты және винтті техникалардың басым бөлігі Астанадағы №19132 әскери бөліміне қарасты әуе айлаынан көтеріледі. Бүгін алғашқы жаттығуларын өткізген ұшқыштар салтанатты шараға сақадай сай болу керектігін жақсы түсінеді. Солардың бірі –Талғат Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлегі Олжас Бердібек.
Жамбыл облысының тумасы парадқа іріктелген хас шеберлердің арасында өзінің болғанын үлкен мәртебе санайды.
"Әскери әуе шеруіне алғашқы рет қатысып отырмын. Мен үшін бұл өте маңызды болып тұр. Ұшқыш болуды жастайымнан армандаған едім. Ақтөбе қаласындағы жоғарғы әскери орнын бітіріп, қазір Семей қаласында жұмыс істеп жүрмін", - деді Eurocopter тікұшағының ұшқышы Олжас Бердібек.
ҚР ҚК Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосановтың айтуынша, алғашқы дайындық кезінде көп қате болмаған. Өйткені Ми-8 бен Ми-17 тікұшақтары және Ан-26, Ан-72, Си-295 әскери лайнерлерінің техникалық және навигациялық мүмкіндіктері жоғары.
"Тәжірибелі мамандар үшін басқару кезінде айтарлықтай қиындық тумайды. Ұшқыштар мен ұшақтар дайын. 7 мамырда тиісінше өнер көрсетеміз деп ойлаймыз", – деді генерал-майор.
Айта кетейік, бұрын-соңды болмаған ірі әскери шеру 7 мамырда елордадағы Тәуелсіздік алаңында өтеді. Оған барлығы 5 мың сарбаз, 300 құрлықтық және 80 әуе техникасы жұмылдырылады. Көрермен назарына Ми-35, Ми-171Ш және елімізде құрастырылатын ЕС-145 сынды жаңа авиация техникалары ұсынылады. Ал Су-30 СМ мен МиГ-27 жойғыштары Қарағанды мен Талдықорған аэродромдарынан ұшып келеді.