Павлодар облысының әкімі оралмандармен және Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен қоныс аударғандармен кездесті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жиынға келгендер көшіп келгеннен кейін өмірлерінің қалай өзгергендігі мен қандай қиыншылықтарға тап болғандарын жеткізді.
Кездесуге қалалар мен аудандардан 100-ге жуық оралмандар мен қоныс аударғандар келді. Болат Бақауовтың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары Ертіс өңіріне 34 мың этникалық қазақ оралған.
"Олардың 42%-ы тұрақты жұмыста, 52%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтуда немесе кәсіпкерлікпен айналысады. Жас қоныс аударушылар жоғарғы оқу орындарын немесе кәсіби орта білім ордаларын аяқтап, әртүрлі салаларда қызмет атқаруда. Облысымызда мемлекеттік қызметте 30 жас қоныс аударушы еңбек етуде, оның 25-і біздің өңірде оқуын тәмамдаған. Екеуі - ауыл әкімі болса ,сегізі - құқық қорғау органдарында, 16-сы - облыстық және республикалық БАҚ қызметкерлері. Біздің негізгі міндетіміз - қоныс аударушыларға барлық жағынан шамамыз келгенше көмектесу, - деді ол.
Жиынға келгендердің әрқайсысы өңір басшысына өз сұрақтарын қойды. Оралмандар мен қоныс аударушылар Павлодар облысында өмір сүрудің жайлы екендігін тілге тиек етті. Алайда, кей кезде олар түрлі мәселелерге тап болады.
Мысалы, Павлодар қаласы маңындағы Теміржолшылар кентінің тұрғындары кейбір үйлердегі электр энергиясының жоқтығына шағымданды. Әкім бұл мәселенің келесі жылы шешілетіндігіне уәде берді. Айта кетелік, бірнеше қоныс аударушы Болат Бақауовтан оралмандардың құжаттарын заңдастыра алатын және баспаналы болғанша мекендейтін бейімделу орталығын ашуды сұрады. Өңір басшысы ондай орталықты келер жылдың басында ашуды тапсырды.
"Ол орталық біздің халыққа қызмет көрсету орталығымен "бір терезе" қағидасы бойынша жұмыс жасауы керек. Әр адамға бір жерде қызмет көрсету маңызды", - деді әкім.