Тәуелсіздік алғалы қанша қандас елге оралды?

158

2024 жылы 12 325 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. 

Тәуелсіздік алғалы қанша қандас елге оралды? Фото: gov.kz

Жыл басынан бері 12,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2024 жылы 12 325 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 140,7 мың этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,6 пайызы Қытайдан, 39,2 пайыз – Өзбекстаннан, 5,5 пайыз – Түрікменстаннан, 5,4 пайыз  – Моңғолиядан, 3,1 пайыз – Ресейден және 1,2 пайыз басқа елдерден.

Биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны - 58,2 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші 32,4 пайыз және зейнеткерлер 9,4 пайыз.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,8 пайызы жоғары білімді, 24,2 пайызы орта кәсіби білімді, 54,1 пайызы жалпы орта білімді және 3,6 пайызының білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 127 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу