Бүгінде конкурстық комиссия келіп түскен жобаларды қарастырып, үздіктерін іріктеп жатыр. 14 пен 29 жас аралығындағы үміткерлерден 5 бағыт бойынша 410 өтінім түскен.
Ғылым саласында – 77, IT бағытында – 72, мәдениетке қатысты – 47, медиа саласы бойынша 59 жоба ұсынылыпты. Ал ең көп өтінімдер бизнес бағытында түскен 154. Олардың ішінен ең жақсы деген 30-ы таңдалып, авторлары 3 млн теңгеден алады.
Бұл қаражатты жеңімпаздар жобаларын жүзеге асыруға жұмсауы тиіс. Грант иегерлері қарашаның 10-ы күні анықталмақ.
Айта кетейін, "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты тікелей Президенттің бастамасы. Ол ел егемендігінің 30 жылдығына орай жалынды жастардың тың идеяларын қаржылай қолдауға бағытталған.