Тәуелсіздікке 35 жыл: Қазақстанның басты жетістіктері қандай?

352

Бұл – егемен ел ретінде қалыптасуымызға жол ашқан маңызды кезең.

Тәуелсіздікке 35 жыл: Қазақстанның басты жетістіктері қандай? Фото: el.kz

Отыз бес жыл ішінде Қазақстан экономикасын нығайтып, әлемдік қауымдастық алдында беделі биік мемлекетке айналды.  Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Шолпан Қоспаева еліміздің осы уақыт аралығындағы басты жетістіктеріне тоқталып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, 1991 жылы тәуелсіздік алған еліміз 35 жылда мемлекеттілігінің берік негізін қалады. Бүгінде шекарасы бекітілген, Ата заңы, әскері, ұлттық валютасы, мемлекеттік институттары мен рәміздері бар, қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз елдер қатарына кіреді.

"Осы уақыт аралығында үздіксіз жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде бірден-бір жеткен жетістігіміз – бұл ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылық. Түрлі этнос өкілдерін қамтыған қоғамда ұлтаралық келісімді сақтап, күрделі кезеңдерден бірлікпен өттік. Тағы бір маңызды жетістігіміз – цифрландыру мен технологиялық жаңғыру. Қазақстан электронды үкіметті дамытуда Орталық Азияда ғана емес, халықаралық деңгейде де жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Бүгінде көптеген мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік бар. IT саласының дамуы, Astana Hub сияқты инновациялық орталықтардың құрылуы және жасанды интеллект технологияларын енгізу еліміздің жаңа экономикалық мүмкіндіктеріне жол ашты", – деді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Шолпан Қоспаева.

Оның сөзінше, экономика, білім мен денсаулық сақтау саласы, инфрақұрылым, өмір сапасы мен әлеуметтік әділеттілік бағыттары бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Халық Кеңесінің мүшесі келтірген мәліметке сүйенсек, соңғы 7 жылдың өзінде еліміздің халықаралық резерві 45,4 %-ға, шағын және орта бизнестегі адам саны 36,7%-ға өсті. 1342 жаңа мектеп, 1259 жаңа медициналық мекеме, 536 спорт нысаны, 312 өңірлік мәдениет нысандары салынды.

"Әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемі 88 трлн теңгеге жетті. Еліміздің 97,5% тұрғыны интернетке қол жеткізсе, 90,3 % мемлекеттік қызмет электронды форматта көрсетіледі. Әрине, алда атқарылуы тиіс жұмыс көп. Шикізатқа тәуелділік, электроэнергетика, ғылым мен технология, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, шикізатты терең өңдеу сияқты бағыттар қарқынды дамуды қажет етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да осы бағыттарға баса назар аударды, бірқатар жұмыстар тізбегін жасап, тапсырмалар берді", – дейді спикер.

Шолпан Қоспаеваның айтуынша, еліміздің әлемдік аренадағы  өзіндік орны мен беделі жылдан-жылға нығайып келеді.

"Саналы түрде сыртқы саясатты бейбітсүйгіш әрі көпвекторлы бағытта жүргізу арқылы еліміз әлемнің 195 мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатты. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, басқа да халықаралық құрылымдардың жұмысына қатысып келеді. Соңғы жеті жылдың ішінде Қазақстан бірқатар халықаралық бастамалар көтеріп, ірі саммиттер өткізді, бейбіт келіссөздер жүргізуге алаң ұсынды және шетелдік серіктестермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтті: әлемдік державалармен (Батыс елдері, Ресей, Қытай, АҚШ), сондай-ақ аймақтық серіктестермен (ТМД, Орталық Азия) прагматикалық және сенімді қарым-қатынас орнатуда.

Алайда әлемдік деңгейде өзіндік орынды тұрақтандыру әлі де үлкен жұмысты қажет етеді: шикізат тәуелділігін жою, көлік және логистика торабына айналу, ішкі бірлікті сақтау, өңірде және халықаралық форматта көшбасшы болу, мемлекетті таныту мақсатында мәдениет, туризм, спорт, білім, тіл салаларын дамыту жұмыстарын қарқынды жүргізу еліміздің әлем алдындағы беделі мен орнын одан әрі нығайта түсері сөзсіз. Өйткені бедел ресурстармен шектелмейтіндігі белгілі, ол бірінші кезекте мықты экономика, тұрақтылық пен серіктестердің сенімін қамтамасыз ететін институттармен құрылады", – деп атап өтті ол.

Спикер Құрылтай  мен Халық Кеңесінің құрылуына да тоқталып өтті.

"Мен үшін бұл институттар – жай ғана жаңа құрылымдар емес, қоғамдық маңызы бар үдерістерге тікелей қатысуға берілген нақты мүмкіндік. Халық кеңесінің мүшесі ретінде өзім көптеген маңызды мәселелерді талқылауға қатысып, өз ұсыныстарымды білдіріп, тәжірибеммен бөлісемін. Қоғамның үні естіліп, азаматтардың пікірі ел болашағын айқындайтын шешімдерді қабылдау барысында ескерілуі аса маңызды деп санаймын. Мұның барлығы тәуелсіз Қазақстанның бір орында тұрмай, заман талабына сай дамып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, азаматтардың ел өміріне белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып келе жатқанын көрсетеді", – деп түйіндеді Шолпан Қоспаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу