Тәуелсіздікті нығайтуға ерен үлес қосқан тұлғаларға көзі тірісінде ескерткіш орнатуға рұқсат етілді

168

Ескерткіштерді орнатуға жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржы бөлінеді.

Тәуелсіздікті нығайтуға ерен үлес қосқан тұлғаларға көзі тірісінде ескерткіш орнатуға рұқсат етілді Фото: Абай облысы әкімдігі

Мәдениет және спорт министрлігі "Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы" заңға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Монументтік өнер құрылыстары – аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументтік өнер туындылары (ескерткіштер, стелалар, бюсттер).

Ескерткіштерді орнату жөніндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүргізеді.

Монументтік өнер құрылыстарын орнатуды жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырады. Құрылыс көрнекті тұлғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне, маңызды тарихи оқиғаларға орайластырылады.

"Құрылыс қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға айтарлықтай ерен үлес қосқан жағдайларды қоспағанда, аса көрнекті тұлғалар қайтыс болған және (немесе) маңызды тарихи оқиғалар орын алған күннен бастап кемінде 5 жыл өткен соң орнатылады. Құрылыс мемлекеттік меншіктегі жалпы ортақ пайдаланылатын орындарда орнатылады. Бір елді мекенде бір аса көрнекті тұлғаға немесе маңызды тарихи оқиғаға бір құрылыс қана орнатылады", - делінген құжатта.

 Жергілікті атқарушы органдар монументтік өнер құрылыстары бойынша жұмысты жоспарлы негізде жүргізетіні де айтылған.

Бұдан бөлек жергілікті атқарушы органдар мүсіншілер арасында құрылыстың үздік жұмыс жобаларына республикалық шығармашылық конкурс жариялайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу