Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындаған елмен Баку байланысты үзеді

649

Әзербайжан президенті шиеленіс тоқтаған соң, өңірге инвестиция құюды және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға уәде берді.

Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындаған елмен Баку байланысты үзеді

Қай ел Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындаса, сол елмен Әзербайжан дипломатиялық байланысты үзеді. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев осылай деп басып айтты. 

"Әзербайжанның территориялық тұтастығын әлем мойындап отыр. Сондықтан әлем елдерінің бірі Қарабақтың тәуелсіздігін мойындайды деп ойламаймын. Егер мойындаса, онымен арадағы қарым-қатынасты міндетті түрде тоқтатамыз", – деді Әлиев.

Оның ойынша, қақтығыс біткеннен кейін Әзербайжан мен Армения халықтарын Таулы Қарабақта бірлесе өмір сүруге дайындау керек. Сонымен қатар ол өз сөзінде шиеленіс тоқтаған соң, өңірге инвестиция құюды және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға уәде берді.

Еске сала кетейік, Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыс 27 қыркүйекте басталған еді. Ресми Баку армяндар әзербайжандық позициялар мен елді мекендерге шабуылдады дегенді айтты. Ереван болса, Қарабаққа шабуылдаған әзербайжандықтар және Түркия Әзербайжанды жауынгерлермен қамтамасыз етіп отыр деп жариялады. 

Халқының басым бөлігін армяндар құрайтын Таулы Қарабақ 1991 жылы Әзербайжан Кеңес Социалистік Республикасынан тәуелсіз екенін жариялаған болатын. Сол кезде Ресми Баку бұл аймақты күшпен қайтармақ болды, бірақ оның арты соғысқа ұласып кеткен еді. 1992-1994 жылдары болған қақтығыста Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан жеті ауданнан айырылып қалған болатын.

1994 жылы Әзербайжан, Армения және Таулы Қарабақ республикасы Ресейдің араласуымен уақытша бітімге келген. Бірақ сол уақыттан бері әскери әрекеттер тыйылмай келеді.

Табиғат Нұрболат

Фото: ria.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу