Өткен жылдың өзінде таулы аймақтарда жүзден астам іздестіру операциясы жүргізілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұны Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлім етті.
– Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша айтар болсам, өндірістегі авариялардың негізгі себебі – жабдықтардың тозуы. Бүгінгі таңда жабдықты ауыстыруды көбінесе қысқа мерзімде қайта қаржыландыруға мүдделі емес объекті иелері өздері жүзеге асырады. Технологияларды, құрал-жабдықтарды және жұмыс әдістерімен бірге, қайта жабдықтау процесін тиімді ұйымдастыру үшін министрлікке қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жабдықтаудың жиынтық жоспарын келісу өкілеттігі беріледі, – деді ол.
Министрдің айтуынша, елге келетін туристердің қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Сондықтан, ол бағытта да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
– Жыл сайын елімізге келетін туристердің саны артып келеді, ал олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды. Былтырғы статистика бойынша тек таулы жердің өзінде жүзден астам іздестіру операциясы жүргізілді. Бұл ретте туристердің тұрған жері анық болмағандықтан, іздеу жұмыстары қиындайды. Осыған байланысты туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға уақтылы көмек көрсету бойынша жекелеген нормалар енгізілуде. Министрліктің аумақтық органдарына азаматтардың алдағы жүріп-тұру бағыттары туралы хабардар ету тәртібі және жетуі қиын туристік орындар тізбесі айқындалады, – деп сөзін қорытындылады Ш.Әрінов.