"Тауық ұрланса да, тергеу құпиясы дейді": Абзал Құспан құқық қорғау органдарының жұмысына шүйлікті

781

Ол бүгінде құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардың деңгейі төмен екенін жасырмады. 

"Тауық ұрланса да, тергеу құпиясы дейді": Абзал Құспан құқық қорғау органдарының жұмысына шүйлікті Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Талғардағы атышулы оқиғаға қатысты пікір білдіре отырып, тергеу құпиялылығын қамтамасыз ететін істердің нақты шегін белгілеу керек деген пікірде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексте тергеудің құпиялылығын қамтамасыз ету деген 201-бап бар. Бұл өзі моральдық тұрғыдан ескі норма. КСРО кезінде құқық қорғау органдарында билік күшті болды ғой, НКВД бар дегендей. Мысалы, шетелде кез келген осындай қоғамдық резонанс тудырған істер бойынша сол сәттен бастап қоғамның алдында есеп береді. Қалай болып жатыр, кімді қамады, қамамады дегендей. Осы мәселеде кішкене ашықтық керек. Қазір Мәжіліс қабырғасында 201-бапты қайтадан қарау туралы нормалар да қаралып жатыр. Кейбір құпиялылық грифі сақталатын істер бар, оған дау жоқ. Мысалы, ұлттық қауіпсіздікке, кәмелетке толмаған балаларға, отбасылық құпияны сақтауға қатысты. Бірақ соның нақты шегін белгілеу қажет деп ойлаймын. Бізде қазір кез келген тергеуші, учаскелік полиция инспекторы ауылда тауық ұрланса да, тергеудің құпиясы дейді де, жауап беруден бас тартады. Былай қарасақ, ауылдың бәрі тауықты кім, қашан ұрлағанын біліп отырады", - деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Абзал Құспан осы мәселені қайта қарастыру қажет деген пікірде. Ол құқық қорғау органдары қоғамға мейлінше ашық болуы керек екенін айтты.

"Бізде көп айтылмайтын мәселе бар. Қылмыстың алдын алу, яғни профилактика. Біз қанша жерден жақтырмасақ та, Кеңес өкіметі кезінде профилактика мәселесі жақсы қаралды. Сол кезеңдегі қоғамдық құрылысқа байланысты барлық мекеме жұмыс істеп тұрды, ұжымдармен жұмыс жасалды. Қазірдің өзінде бюджеттік мекемелер, мектептер, колледждер, университеттер бар. Құқық қорғау органдары осындай жерлерде қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыстарды белсенді жүргізуі қажет. Бірақ қазіргі таңда осы бойынша жұмыстардың деңгейі өте қатты төмендеп кетті. Мектеп пен оқу орындарында, бюджеттік мекемелерде бала тәрбиесіне қатысты, құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты мәселелер кеңінен талқылануы керек", - деді халық қалаулысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу