Таяу Шығыстағы ахуал: FlyArystan жолаушыларына маңызды хабарлама жасады

156

Компания қазақстандықтарды елге қайтару үшін бар күшін салып жатқанын мәлім етті.

Таяу Шығыстағы ахуал: FlyArystan жолаушыларына маңызды хабарлама жасады Фото: inbusiness.kz

FlyArystan әуекомпаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерін Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай мен өңірдегі шектеулерге байланысты уақытша тоқтатты. Әуе компания жолаушыларды қауіпсіз қайтару үшін шаралар қолданып, билетті қайтару немесе қайта брондау мүмкіндігін ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір  FlyArystan әуекомпаниясының Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерінің орындалуы Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға және өңірдегі ағымдағы шектеулерге байланысты уақытша тоқтатылды. Бұл жайт жолаушылар үшін елеулі қолайсыздықтар мен белгісіздік туғызатынын түсінеміз және жолаушыларды Қазақстанға қайтару үшін бар күшімізді жұмылдырудамыз", – делінген хабарламада.

Қолданыстағы халықаралық әуе тасымалы қағидаларына сәйкес, форс-мажор жағдайында тасымалдаушының міндеттемелері билет құнын қайтарумен немесе мүмкіндік болған жағдайда баламалы тасымалдауды ұсынумен шектеледі. Оған қарамастан, FlyArystan жолаушыларына әрі қарайғы әрекеттерді үйлестіруге уақыт беру мақсатында жолаушыларды әуекомпания есебінен бір тәулікке тұру орнымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, әуе компанияның жергілікті өкілдері жолаушылармен байланыста болып, ақпараттық қолдау көрсетуде және ұйымдастырушылық мәселелерді үйлестіруге жәрдемдесіп келеді.

– Қазір FlyArystan Біріккен Араб Әмірліктерінің құзыретті органдарынан рейсті орындауға рұқсат күтуде және Қазақстан Республикасының авиациялық билік органдарымен тұрақты байланыста. Параллельді ретте әуекомпания өңірдегі авиациялық қауіпсіздік тәуекелдерін дербес бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық қажетті рәсім келісіліп, тәуекелдерді бағалау аяқталғаннан кейін жолаушыларды қайтарудың күні, уақыты және қауіпсіз форматы туралы шешім қабылданады. Тиісті шешімдер қабылданған бойда, әуекомпания брондау кезінде көрсетілген байланыс деректері бойынша жолаушылармен жедел хабарласып, толық нұсқаулық жібереді. Бұл ретте, қайтару рейсіне отырғызуда міндетті шарт – FlyArystan әуекомпаниясының Дубай – Ақтау рейсіне пайдаланылмаған әуебилетінің болуы. Сонымен қатар, 28 ақпан, 7 наурыз және 10 наурыз күнгі рейстердің жолаушыларына билеттің толық құнын қайтару немесе сатып алынған арна бойынша тегін қайта брондау мүмкіндігі қолжетімді. Жолаушылардан дипломаттар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің хабарламаларын қадағалауды, байланыста болуды және брондау кезінде көрсетілген байланыс деректерінің (телефон нөмірі мен электронды пошта) өзекті әрі хабарламалар алуға қолжетімді екеніне көз жеткізуді сұраймыз. Біз барлық жолаушымызды мүмкіндігінше тез әрі қауіпсіз қайтару үшін жағдайды тәулік бойы бақылауды жалғастырудамыз, – деп түйіндеді әуе компания.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу